Воскресенье, 06 сентября 2015 13:25

Республиканская общественно-политическая газета «Ел»

Астанада «Жұлдыздар шеруі» Халықаралық байқауы өтті  (источник)

Бүгін Астанада, «Жастар» сарайында «Жұлдыздар шеруі» Халықаралық байқау-фестивалі өтті. Шараға Қазақстан мен Ресейден 5 пен 25 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Жас өнерпаздар хореография, эстрадалық вокал, көркемсөз оқу шебері және сазды аспаптар жанры номинациялары бойынша бақ сынады. Байқауға Қазақстаннан өнер қайраткері, білім беру саласының құрметті азаматы Марат Қуанышбек, Ресейден музыкалық продюсер, режиссер Игорь Димин төрелік етті.

1

Қатысушылардың байқауға тыңғылықты дайындалғаны байқалып тұрды. Көркемсөз оқу шеберлігі номинациясы бойынша ақтөбелік Назерке Бақытжан, Әлібек Сербаев және Ақбота Мұханбетәлі Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың және Мұхтар Шахановтың өлеңдерін мәнерлеп оқуда алдына жан салмады. Қарағандылық өнерпаз Иван Морданов Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін фортепианода кәсіби дәрежеде орындап шықты.

2

Қарғалыдан келген Әмірхан Махамбет Дәулеткерейдің «Қосалқасын» тартып, әділ қазының таңданысын тудырды. Ал, Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласынан келген өнерлі ару Данагуль Жамбаева Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әнін орындап, байқаудың көркін арттырды. Қатысушылардың ата-аналары мен көркемдік жетекшілері дарынды өнерпаздарды біріктірген осындай шаралар көп болса екен деген тілектерін білдіріп жатты.

3

4Ольга Коган, ұйымдастырушы комитеттің өкілі:  
Байқау үш негізгі номинация бойынша: хореография, эстрадалық вокал және көркемсөз оқу шеберлігі номинациялары бойынша өтіп жатыр. Бұған қоса домбырада және фортепианода орындалатын арнайы нөмірлер бар. Байқауға қатысушылардың кәсібилігінің деңгейі әртүрлі. Олардың ішінде Қарағандының №4 Саз мектебінің фортепианошыларын атап өтер едім. Көркемсөз оқу шеберлігі номинациясы бойынша ақтөбелік балалардың шығармашылығын ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі таңда олар жеке өлеңдер жинағын шығарып үлгерген, сондай-ақ Ресейдің Омск қаласынан келген Ильяс Потапов та байқауға өз шығармасын ұсынып отыр.

5

«Жұлдыздар шеруі» байқауының Бас жүлдесін Қарағандыдан келген Камила Салахутдинова жеңіп алды. Ол фортепианода Шмитцтің «Романтикалық интермеццо» шығармасын орындады. Жетекшісі Галина Куликовская. Бірінші орынға бірден екі адам лайық деп табылды. Олар: домбырашы Әмірхан Махамбет және қарағандылық фортепианошы Иван Морданов. Екінші орынды Щуче қаласының өнер мектебі және «Қарақат» студия-мектебінің тәлімгерлері иемденді. Ал, жүлделі үшінші орын «Әсем» би ансамбліне бұйырды. Сондай-ақ, астаналық «Ақ Орда» хореографиялық ұжымы жеңімпаздармен бірге Түркияға жолдама алды.

6

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау «Еуразия жұлдызы» Халықаралық жобасындағы 27 байқаудың бірі. Айта кету керек, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтармен қатар, 2015 жылғы 11-18 қазанда Түркия елінде өтетін «Түркия сәні» байқауына жолдамалар беріледі.

Әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова
Сурет - Нұрбек Әлманбетов